Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылы 117 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінгі күні мемлекетке қайтарылған жердің көлемі 35,7 мың гектарды құрайды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Сарманов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.
Басқарманың мәліметінше, қайтарылған жердің 89% немесе 103,8 мың гектары – қала мен аудан әкімдіктерінің жұмысы нәтижесінде қайтарылды.
Алдыңғы жылы жайылымға деген қажеттілік 69,9 мың гектарды құрап, толығымен қайтарылған жер есебінен жабылды. Осыған байланысты биыл жайылымға қосымша қажеттілік жоқ.
2024 жылы «Жайылымдар туралы» ҚР Заңына және жер заңнамасына өзгерістер енгізілді. Түзетулерге сәйкес, қоғамдық жайылымдар ұғымы енгізілді, олар қолда бар мал басына және жайылымдарды басқару жоспарына қарай айқындалады. Жайылым жүктемесі кемінде 50% болуы тиіс. 50%-дан төмен жүктемелі жайылымдар пайдаланылмай жатқан деп танылып, алып қоюға жатады. Қоғамдық жайылымдарда малды жайып бағу құқық беру рәсімінсіз жүзеге асырылады.
Жайылымдарды жүйелі пайдалану мақсатында әкімдіктер бес жылдық жайылымдарды басқару жоспарын әзірлеуде.
Сонымен қатар, өңірде жерлерді бөлу бойынша аукциондары мен конкурстар өткізіліп жатыр. Өткен жылы коммерциялық мақсатта 117 жер телімі, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін 274 телім берілді. Жер телімдерін сату «Госреестр» порталы арқылы электронды түрде жүзеге асырылады, ал ауыл шаруашылығы жерлері конкурстық негізде, жер комиссияларының қатысуымен бөлінеді.
Сондай-ақ, өңірде ШҚО геопорталы (www.vkomap.kz) белсенді дамуда. Онда жер телімдері, инженерлік инфрақұрылым, экологиялық аймақтар және кадастрлық құны туралы толық ақпарат бар. Геопортал «Қазгидромет», Бірегей мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры және басқа да ақпараттық жүйелермен интеграцияланған.