Мұз кете салысымен “Одесса” паромы Васильев өткеліне қайта оралады. Бұл туралы ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов айтты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Самар ауданы мен Үлкен Нарынның арасын жалғайтын су қатынасы, араға 6 жыл салып қайта жанданбақшы. Катонқарағайға ағылатын туристер саны 2019 жылмен салыстырғанда қазір әлдеқайда өскен. Туристер ағыны енді көбеймесе азаймайтыны анық.
Паром иесі Евгений Филлиповтың айтуынша, “Одесса” қазір сақадай сай тұр.
– Күршім жақтың мұзы ертерек ериді, ал бұл жердің мұзы қалыңырақ. Сәуір айының соңына дейін тосамыз, шамамен мамыр айының басы, деп отырмыз. Күн осылай жылы болып тұрса 1 мамырдан бастап жүріп кетуіміз де ғажап емес. Мұздың кеткенін ғана күтіп отырмыз, дейді паром иесі.
– Күршімдегідей паромның алдыңғы “тұмсығынан” кіреміз бе, әлде бұрынғыдай екі “бүйірі” ашыла ма? деген сұрақ қойдық.
Паром иесінің айтуынша, айлақты сәл жөндеу керек, бірақ дәл қазір жұмысқа жарамды.
– Күзде өтіп бара жатып екі жағаға да тоқтап көрдік. Бәрі жұмыс істеп тұр. Бұрынғы екі бүйірінен тиелетін механизм сақадай-сай дайын. Ашып-жауып көрдік. Егер тым үлкен көліктер келсе алдыңғы жағынан да кіргізе береміз, – дейді кәсіпкер.
– Ал бағасы қанша болады? деген сұрғымызға паром иесі: – бұрынғыдай, көлік қозғалтқышының көлеміне қарай, деп жауап берді
Тағы бір айта кетер жайт, биыл Самар ауылынан Миролюбовкаға қарай 15 шақырым жол жөндеуден өткізіледі. Бұл туралы облыстық әкімдік айтты.