Ұлан ауданында жылына 150 млн жұмыртқа өндіретін жаңа құс фабрикасы салынады
Бүгін Ұлан ауданының Таврия ауылында «ALTAY QUS» ЖШС-ның жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасының құрылысына капсула салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Бұл – өңір үшін маңызды инвестициялық жоба. Ол азық-түлік өнімдерін өзімізде өндіру көлемін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі – 5,5 млрд теңге. Жоспар бойынша жалпы қуаттылығы 480 мың құсқа арналған бес құс қорасы салынады. Кәсіпорын жыл сайын 150 млн данаға дейін тағамдық жұмыртқа және 400 тонна құс етін өндіре алады.
Бұл нысан ауданға қандай пайда әкеледі?
Жобаның Ұлан ауданы үшін экономикалық және әлеуметтік маңызы ерекше. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін мұнда 150 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға жаңа мүмкіндік беріп, ауылдық аумақтың дамуына қосымша серпін береді.
Шығыс Қазақстан үшін өз агроөнеркәсіптік өндірісін дамыту принципті маңызға ие.
«Инвестициялық жобалардың тек жаңа өндірістік қуаттарды құрумен шектелмей, өңірге нақты пайда әкелуі біз үшін аса маңызды. Олар жергілікті өндірісті дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, салық базасын кеңейтуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуі тиіс. «Altai Qus» құс фабрикасы Ұлан ауданының экономикалық өсімінің жаңа нүктесіне айналып, Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға елеулі үлес қосады деп сенемін», – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.



