Самар ауданының тұрғыны балық және тауық етінен өнім өндіретін шағын цех ашты
Самар ауданы Құлынжол ауылының тұрғыны Галина Мехнина мемлекеттік гранттың көмегімен балық және тауық етінен жартылай дайын өнімдер өндіретін шағын цех ашып, жеке кәсібін бастады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Самар ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, кәсіпкер 1,7 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болып, бөлінген қаражатқа 200 тауық, инкубатор, мұздатқыш камералар мен қажетті жабдықтарды сатып алған.
Бүгінде Галина Мехнина балық стейктерін, салаттар, тауықтың сан еті мен сирақтарын дайындап, өнімдерін жергілікті дүкендерге жеткізеді және жәрмеңкелерде сатады.
Галина Николаевна алты баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Үлкен балалары отбасылық кәсіпке қолғабыс етеді. Алдағы уақытта кәсіпкер өндіріс көлемін ұлғайтып, ауылда жеке балық дүкенін ашуды жоспарлап отыр.
– Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келдім. Кейін әкімдік қайтарымсыз грант алуды ұсынды. Грант қаражатына құс өсіру кәсібін бастауды ұйғарып, тауық сатып алдым. Кейін балық өңдеуді де қолға алдым. Қазіргі уақытта балықты өңдеп, одан балық сүбесін, сондай-ақ маринадталған және кәдімгі стейктер дайындаймын. Осылайша, кәсібімді біртіндеп дамытып келемін. Қазір бір өзім күніне 100 келіге дейін өңдей аламын. Алдағы уақытта өндірістік цехтың жұмыс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмын. Барлығы ойдағыдай болса, жеке балық дүкенін ашу да жоспарда бар, – деді Галина Мехнина.
Мемлекеттік қолдау Галина Николаевнаға өз бизнес-идеясын жүзеге асырып, отбасылық кәсіптің негізін қалауға мүмкіндік берді.



