Өскеменде халықаралық симфониялық музыка фестивалі өтеді
28 қараша күні Өскеменде «Достық симфониясы» атты «Алтай – Еуразия жүрегі» халықаралық симфониялық музыка фестивалі өтеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Концерттік бағдарламада Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрі өнер көрсетеді.
Оркестрдің бас дирижері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Александр Галсанов, сонымен қатар Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының солисті, Мәдениет саласының үздігі Ботагөз Жұмабекова.
Фестивальдің арнайы шақырылған қонақтары қатарында Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Өзбекстан елдерінің белгілі композиторлары мен кәсіби музыканттары бар. Атап айтқанда: ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Серік Еркімбеков, Ресей композиторлар одағының Алтай бөлімшесінің төрайымы Ольга Дюжина (Барнаул қ.), Моңғолия Композиторлар одағының президенті Алтангэрэл Хишигтогтохын (Ұлан-Батор қ.), Моңғолияның «Морин хуур» ұлттық оркестрінің бас дирижері Түвшинсайхан Дэлгэрсайхан, Лимбист-музыкант Махбал Лхагвагэрэл, композитор, Өзбекстан композиторлар мен бастакорлар одағының мүшесі және атқарушы директоры, халықаралық байқаулардың лауреаты Акмал Сафаров бар.
Халықаралық фестиваль аясында әр елдің музыкалық дәстүрі мен кәсіби орындаушылық өнері тоғысып, көрермендерге симфониялық музыканың сан қырлы әлемін таныстыру көзделген.
Фестиваль Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының концерт залында өтеді.
Іс-шара сағат 15:00-де басталады.



