Жаңалықтар

ШҚО-да «Қауіпсіздік әр үйге» акциясы өтіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары пешпен жылытылатын үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіруде, деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Рейдтерге жергілікті атқарушы органдардың, полицияның, волонтерлер мен электр мамандарының өкілдері қатысып жатыр.

Мамандар пештер мен мұржалардың, электр сымдарының жай-күйін тексеріп, түтін мұржаларын күйеден уақытылы тазарту қажеттігін ескертеді. Әлеуметтік осал топтағы отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударылып отыр. Олардың үйлеріне улы газ датчиктері орнатылып, құрылғылардың жарамдылығы бақыланады.

ШҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы Фархат Амренің айтуынша, жылыту маусымы басталғалы бері облыста 20 мыңнан астам тұрғын үй араланып, қауіпсіздік талаптарының 9 мыңға жуық бұзылуы анықталған. Олардың қатарында мұржаларды уақытылы тазаламау, зақымдалған электр құрылғыларын пайдалану және ұшқын шығаратын розеткалар бар.

Әлеуметтік осал топтағы тұрғындар тұратын 2 758 үйдің барлығына улы газ датчиктері орнатылған.


Рейдтер кезінде полиция қызметкерлері өрт қаупі жоғары болуы мүмкін мекенжайларды да анықтап, тұрғындармен профилактикалық жұмыс жүргізеді. Мамандардың айтуынша, өрттен зардап шегетіндердің арасында мас күйінде болған немесе темекі шегу кезінде отты абайсыз пайдаланған адамдар жиі кездеседі.

Акцияның мақсаты – өрттің, адам өлімінің және улы газдан улану жағдайларының алдын алу.

Басқа жаңалықтар

Back to top button