Жаңалықтар

5518 әскери бөлімінде 150-ден астам жауынгер жаңа технологияны меңгеруде – ШҚО

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметшілердің заманауи технологияларды меңгеруіне ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде мұнда 150-ден астам жас сарбаз дрондарды басқару бойынша арнайы даярлықтан өтуде. Бұл туралы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады. 

Әскери қызметшілердің теориялық білімін жетілдіріп, практикалық дағдыларын қалыптастыру мақсатында бөлімде дрондарды басқаруды үйретуге арналған арнайы оқу кабинеті жабдықталған. Онда сарбаздар ұшқышсыз ұшу аппараттарының құрылымы мен жұмыс істеу ерекшеліктерін зерделеп, алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітеді.

Сабақтарды арнайы мақсаттағы жасақтың дрондарды басқару бойынша тәжірибелі маманы жүргізеді. Оқу барысында сарбаздар құрылғыларды басқару тәсілдерін меңгеріп, ұшқышсыз аппараттарды қолдану дағдыларын жетілдіреді.

«Қазіргі таңда дрондар әскери дайындықтың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Біз жас сарбаздарға ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды үйретіп, олардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға басымдық береміз. Сабақ барысында әскери қызметшілер дрондардың мүмкіндіктерімен танысып, оларды басқарудың бастапқы дағдыларын меңгереді», – дейді арнайы мақсаттағы жасақтың дрон басқару жөніндегі маманы.

Бүгінде ұшқышсыз ұшу аппараттары әскери саланың маңызды технологиялық құралдарының біріне айналды. Сондықтан мұндай даярлық әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, олардың заманауи технологиялармен жұмыс істеу қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button