Өскеменде ер адамға сапасыз жасалған көзілдірік үшін төлеген 48 мың теңгесін қайтарып алды
ШҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Өскемен қаласының тұрғыны сапасыз дайындалған көзілдірік үшін ақшаны қайтарудан бас тартуға қатысты шағыммен жүгінді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Қыркүйек айында тұтынушы қалалық оптикалардың бірінде көру диагностикасы мен астигматикалық көзілдірік дайындау үшін жалпы 48 000 теңге төлеген. Дайын көзілдірікті киген кезде айқын оптикалық бұрмалану пайда болған, ал линзаларды қайта ауыстыру ақауды жоймаған.
ШҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, құжаттарды салыстыру кезінде рецептке аппараттық диагностика деректеріне сәйкес келмейтін қате параметрлер енгізілгені анықталды. Қазан айының соңында ұйым қызметкері көзілдіріктің жарамсыз екенін
мойындағанымен, ақшаны қайтарудан бас тартқан.
Департамент мамандары кәсіпкерлік субъектісімен түсіндіру жұмысын жүргізіп, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының талаптарын, оның ішінде сатушының сапасыз тауар мен қызмет үшін төлемді қайтару міндетін жеткізді.
Нәтижесінде тұтынушыға 48 000 теңге толық көлемде қайтарылды.



