Өскеменде соғыс ардагері 104 жасқа толды
11 қараша күні Өскемен қаласының ең жасы үлкен тұрғындарының бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Павловна Светочева 104 жасқа толды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Алмат Ақышов ардагердің шаңырағына арнайы барып, туған күнімен құттықтады. Майдандағы ерлігі, ұзақ жылғы еңбегі және қаланың дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Анастасия Павлованың өмір жолы – тұтас бір тарих. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Ленинград қаласындағы жеке байланыс полкінде қызмет еткен. Ленинградты қорғау және қоршауды бұзу шайқастарына қатысқан.
Соғыстан кейін туған өлкесіне оралып, құрылыс саласында еңбек етті. Өскемен қаласының дамуына өз үлесін қосып, қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланған.
Ғасырдан астам ғұмыр кешкен ардагер бүгінде Өскеменнің қалай қалыптасып, өсіп-өркендегенін әлі күнге дейін жадында сақтаған. Кездесу барысында қала тарихы мен өміріндегі маңызды оқиғалар туралы естеліктерімен бөлісті.
Қала әкімі мұндай ардақты ардагерлердің өмір жолы – өскелең ұрпақ үшін ерлік пен қайсарлықтың үлгісі, ал олардың естеліктері қаламыздың баға жетпес тарихи мұрасы екенін атап өтті.



