Өскеменде «Циньлин» шеберханасы ашылды

Өскемендегі Жоғары техникалық-гуманитарлық колледж базасында «Циньлин» шеберханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Іс-шараға Қытай Халық Республикасының Шанло қаласындағы кәсіптік-техникалық колледжі мен Shaanxi Shangpin Shuren Educational Technology Co., Ltd. компаниясының делегациясы, Жоғары техникалық-гуманитарлық колледждің директоры Ернар Тұрсынханұлы және ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбекқызы қатысты.
«Циньлин» шеберханасы – электр көліктерін жөндеу және техникалық қызмет көрсету бағыты бойынша мамандар даярлауға, заманауи өндірістік технологияларды меңгеруге және кәсіби құзыреттілікті дамытуға бағытталған.
– Бүгін Жоғары техникалық-гуманитарлық колледж базасында Қытай Халық Республикасының Шанло қаласындағы кәсіптік-техникалық колледжімен ынтымақтастық аясында «Циньлин» шеберханасы ашылды. Басты мақсатымыз – облыстағы маман тапшылығын азайту және автомобиль жөндеу мамандығында білім алып жатқан студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру. Қазір елімізде автокөліктерді жөндейтін мамандарға сұраныс жоғары. Осы қажеттілікті ескере отырып, колледж базасында жаңа шеберхана аштық. Облыстағы «Лу Бань» шеберханасы жоғары білім алып жатқан студенттерге арналса, «Циньлин» кәсіби-техникалық білім алып жатқан жастарды даярлауға бағытталған, – деді Алима Ақылбекқызы.
Колледж директоры Ернар Тұрсынханұлы жаңа шеберхана болашақ мамандардың кәсіби даярлығын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Оқу орнымызда ашылған бұл шеберхана алдағы уақытта білікті мамандар даярлауға үлес қосады деп сенемін, – деді ол.
Сонымен қатар делегация өкілдері мен Жоғары техникалық-гуманитарлық колледж директоры өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.





