Өскеменнің экологиялық паспорты әзірленіп жатыр

Өскеменде қаланың экологиялық паспорты әзірленіп жатыр. Бұл туралы ШҚО Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, шекті жол берілетін шығарындылардың жиынтық томы, яғни қаланың экологиялық паспорты төрт жыл сайын жаңартылуы тиіс. Алайда соңғы жылдары Өскеменде бұл құжат әзірленбеген.
– Шекті жол берілетін шығарындылардың жиынтық томы – қаламыз үшін маңызды әрі өзекті құжат. Қалада жаңа кәсіпорындар, көліктер саны артып, тұрғын үйлер бой көтеруде. Құжатта әрбір кәсіпорын мен көліктің ауаны ластауға тигізетін әсері талданады. Жергілікті атқарушы орган оны әр төрт жыл сайын әзірлеуге міндетті. Облыстық прокуратураның нұсқамасы бойынша қала әкімдігі қазіргі уақытта осы мәселемен айналысып жатыр, – деді Әсет Сүлейменов.



