ШҚО-да 100-ден астам ветеринариялық нысан салынады
Шығыс Қазақстан облысында 2026–2027 жылдары жалпы құны 3 млрд 633 млн теңгеге 131 ветеринариялық нысан салу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 7 ветеринариялық станция, 70 ветеринариялық пункт және 54 мал қорымын салу көзделген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылы 60 нысанның құрылысына 1 млрд 662,5 млн теңге, ал келесі жылы тағы 71 нысан салуға 1 млрд 970,5 млн теңге қарастырылған.
Нысандар өңірдің аумақтық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып орналастырылады. Ветеринариялық станциялар аудан орталықтарында, ал ветеринариялық пункттер ауылдық округтерде салынады.
– Бұл ветеринариялық қызметтерді тікелей мал шаруашылығы субъектілеріне жақындатуға, өтініштерге жедел ден қоюға, профилактикалық тексерулер мен диагностикалық зерттеулерді, сондай-ақ эпизоотияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізуге жол ашады, – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда жоспарланған 32 ветеринариялық пункттің 16-сының құрылысы толық аяқталды. Сонымен қатар 25 мал қорымының 12-сінде құрылыс жұмыстары аяқталған.
Қалған нысандардың құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр.



