ШҚО-да 300-ге жуық медицина қызметкері жетіспейді

Шығыс Қазақстан облысының медициналық ұйымдарында 150 дәрігер мен 146 орта буын медицина қызметкері жетіспейді. Бұл туралы ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев мәлімдеді.
Өскеменде 71 дәрігер, Алтай ауданында 29, Риддер қаласында 14 маман қажет. Жалпы облыстың денсаулық сақтау саласында 2 925 дәрігер мен 7 490 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді.
Ауылдық жерлерге мамандар тарту үшін 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы, жеңілдетілген тұрғын үй несиелері және аса тапшы мамандықтар бойынша медицина қызметкерлеріне бес жыл ішінде 8,5 млн теңге төлеу қарастырылған. 2026 жылы бұл төлемді 28 маманға беру жоспарланған. Қазіргі таңда оның тек жетеуі ғана төлемді алған.
Дегенмен қолданыстағы қолдау шаралары Өскемен, Алтай, Риддер, Серебрянск, Зайсан және Шемонаиха қалаларына қолданылмайды. Осыған байланысты Төлеген Жігітаев аталған қалаларға медицина мамандарын тартудың қосымша тетіктерін қарастыруды ұсынды.



