Зайсан және Катонқарағай әуежайларының құрылысы қашан аяқталады?
Зайсан мен Кендірлідегі әуежайдың құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл туралы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Зайсан, Катонқарағай аудандарында және Маңғыстау облысындағы Кендірліде жаңа әуежайлар салынып жатыр.
– Әуежайлардың құрылысы 2024 жылы басталды. Зайсандағы әуежайдың құны шамамен 68 млрд теңге, Кендірлідегі әуежай 69 млрд теңге, ал Катонқарағайдағы әуежай құрылысы 89 млрд теңге. Маусым айында мен үш әуежайдың да құрылысымен таныстым, тиісті тапсырмаларын бердік. Қазір әкімдер де оны күнделікті қадағалап отыр. Зайсан мен Кендірлідегі әуежайдың құрылысын осы жылдың соңында толық аяқтаймыз деп отырмыз. Ал Катонқарағайдағы әуежай құрылысын келесі жылдың ақпан айында аяқтап, ел игілігіне табыстайтын боламыз. Бір айта кететін жайт, құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін де оның құжаттарын рәсімдеп, лицензиялар алу керек, сондықтан әуе кемелерін қабылдау, жолаушылар тасымалдау келесі жылдың алғашқы жарты жылдығында басталады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.



