БастыЖаңалықтар

ШҚО-да мектеп асханаларынан заңбұзушылықтар анықталды

Жаз мезгілінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары мектеп асханаларының жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.

Мониторинг барысында облыстағы 315 мектеп асханасы тексерілді. Олардың басым бөлігінде түрлі заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, асханадағы ішкі әрлеу жұмыстары санитариялық қағидалар талаптарына сәйкес келмеген, ас үй жабдықтары мен асхана ыдыстары жеткіліксіз болған. Сондай-ақ желдету жүйесін тазалау және дезинфекциялау бойынша құжаттар ұсынылмаған.

Анықталған кемшіліктерді жою бойынша 258 нұсқама берілді.

– Жаңа оқу жылына дайындық барысында барлық нұсқама белгіленген мерзімде орындалды, – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Ведомство мәліметінше, қыркүйек айынан бастап мектеп асханаларында жоспарлы тексерулер басталды. Тексеру барысында өнімдерден зертханалық зерттеуге сынамалар алынады. Сонымен қатар ас мәзірінің талаптарға сәйкестігі және оқушыларға беруге тыйым салынған тағамдардың бар-жоғы тексеріледі.

ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мектеп асханаларында мына өнімдер мен тағамдарды дайындауға және сатуға тыйым салынатынын еске салды:

– қатық, сүзбе, айран;

– салмасы бар құймақ, флотша макарон, зельц, форшмак, холодец, паштет;

– кремі бар кондитерлік өнімдер, тұтынушылық қаптамадағы тәттілер (шоколад, кәмпит, печенье);

– морс, квас, газдалған, тәтті алкогольсіз және энергетикалық сусындар, концентратталған диффузиялық шырындар, емдік және емдік-асханалық минералды сулар;

– фритюрде қуырылған өнімдер, қуырылған жұмыртқа, шала пісірілген жұмыртқа;

– төрттен астам компоненттен тұратын күрделі салаттар, қаймақ пен майонез қосылған салаттар, окрошка, саңырауқұлақтар;

– үй жағдайында дайындалған өнімдер, тез дайындалатын құрғақ концентраттар негізіндегі тағамдар;

– гамбургер, хот-дог, пицца, наггетс, чипсы, дәмдеуіш қосылған тұзды кептірілген нан өнімдері, ащы тұздықтар, кетчуп және ащы дәмдеуіштер.

Сондай-ақ мектеп асханаларында пастерленбеген сүтті, термиялық өңдеуден өтпеген сүзбе мен қаймақты, йодталмаған тұзды, сондай-ақ темірмен, дәрумендермен және минералдармен байытылмаған жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұнын пайдалануға болмайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button