Шығыс Қазақстанда «Тең мүмкіндіктер» фестивалі өтті

Өскемен қаласында «Әділет» партиясының бастамасымен «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалінің облыстық кезеңі өтті.
Шығыс Қазақстанның қалалары мен аудандарынан келген қатысушылар спорт алаңында бас қосып, бочча, жеңіл атлетика және «Көңілді старттар» бойынша бақ сынады.
Алайда бұл жерде секунд, ұпай мен медаль басты орында болған жоқ. Ең маңыздысы – жанынан табылу, көмек қолын созу, жолдасын қолдау және нәтижеге бірге ұмтылу.
Фестивальдің ерекшелігі де осында: ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың құрдастары иық тіресе өнер көрсетіп, бір-біріне сенуді үйренеді және нағыз командада әр адамның маңызды екенін түсінеді.
Фестивальдің ашылуында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев қатысушыларды құттықтап, барлық балаларға тең мүмкіндік жасаудың маңызын атап өтті.
Жеңімпаздар:
Бочча:
1-орын – «Искра» (Өскемен қаласы)
2-орын – «Луч» (Өскемен қаласы)
3-орын – «Атлетико» (Өскемен қаласы)
«Көңілді старттар»:
1-орын – «Ракета» (Ұлан ауданы)
2-орын – «Ақ сұңқарлар» (Марқакөл ауданы)
3-орын – «Шемонаиха 2» (Шемонаиха ауданы)
Жеңіл атлетика:
1-орын – «Глубоковское» (Глубокое ауданы)
2-орын – «Мұрагер» (Күршім ауданы)
3-орын – «Бірлік» (Күршім ауданы)
«Мұндай фестивальдердегі ең үлкен жетістік – балалардың бір-бірін қолдауы, бірге әрекет етуі және өз мүмкіндіктеріне сенуі. Бүгінгі фестивальге қатысқан әр бала – жеңімпаз», – деп атап өтті «Әділет» партиясы Шығыс Қазақстан филиалының Саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Алтынай Жаркенбаева.
Фестивальді ұйымдастыруға «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты, бейінді мемлекеттік органдар, спорт ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер атсалысты.
Ал үздік командаларды қазан айының соңында өтетін «Тең мүмкіндіктер» фестивалінің республикалық кезеңі күтіп тұр.



