Қасым Қайсенов кентінде жаңа сквер ашылды

Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде Өскемен құс фабрикасының 50 жылдығына орай салынған жаңа сквердің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов, Aitas холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаев, қоғам белсенділері, өңір тұрғындары, жастар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
– Қасым Қайсенов кентінің көркіне көрік қосатын, аудан тұрғындарының жақсы бір демалыс орнына айналатын керемет саябақтың ашылуына куә болып отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Осы науқан аясында әрбір өңірде жергілікті жерлерді көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Саябақтың ашылуы – осы жұмыстың нақты бір дәлелі, – деді облыс әкімі.
Жаңа сквердің аумағы 16 мың шаршы метрді құрайды.
Сквер аймағын көгалдандыру жұмыстарының символдық басталуы ретінде ағаш отырғызылды.
Жаңа кеңістікте балалар ойын алаңы, футбол алаңы, воркаут аймағы және серуендеуге және демалуға арналған арнайы орындар қарастырылған.
– Осыдан бір үш ай бұрын облыс әкімімен осы саябақты ашқанымыз жөн деп қол алысқан едік. Өскемен құс фабрикасының 50 жылдығына, «Aitas» холдингінің 30 жылдығына орай және Қасым Қайсенов кентінің тұрғындарына деген сыйымыз осы болсын деп жаңа сквер ашу туралы шешім қабылдаған болатынбыз, – деді Aitas холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаев.
Жаңа скверге «Құс жолы» атауы берілді.
– Көпшіліктің сұрауы бойынша осы саябаққа «Құс жолы» деген атау ұсынылып отыр. Біз бұл атауды қолдаймыз, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.



