Елімізде жыл басынан бері 74 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерді
Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Осы айтулы мереке қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі неке қию көрсеткіштеріне қатысты статистиканы ұсынды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 74 648 неке ресми түрде тіркелді. Неке қиюға деген белсенділік жаз мезгілінде артып, дәл осы кезеңде көптеген жұп отбасын құру туралы шешімін ресми түрде бекітті.
– Еліміздің барлық өңірінде шаңырақ көтеріп, жаңа отбасы құруға деген ұмтылыс жоғары. Дегенмен, неке қию көрсеткіші бойынша ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлер алдыңғы қатарда. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркеліп, мұнда 12 344 неке қиылған. Екінші орында Астана қаласы тұр, онда 9 074 жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеген. Ал үшінші орында 5 611 неке қиылған Түркістан облысы тұр, – делінген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының хабарламасында.
Биыл маусым айында 15 мыңнан астам неке тіркелді. Ал тамыз айында 11 761 жұп, шілдеде 11 674 шаңырақ көтерді. Жалпы, жаз айларында елімізде 38 мыңнан астам жұп отбасын құрды.



