Жаңалықтар

Қазақстанда азық-түлік тауарлары бағасының маусымдық төмендеуі байқалады

2026 жылғы 19 тамыздағы жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді. 

Апта ішінде пияздың бағасы 4,9%, картоп 4,1%, алма 2,7%, ақ қауданды қырыққабат 2,2%, сәбіз 1,9%, қияр 1,5%, қой еті, оның ішінде сүйексіз ет 0,6%, қызанақ 0,4% арзандады.

Есепті аптада бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай нанының, қаймақтың, сары майдың және тұздың бағасы өзгеріссіз қалды.

Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде Қарағандыда – 0,7%-ға, Көкшетау мен Өскеменде – 0,5%-ға, Қонаевта – 0,4%-ға, Жезқазған мен Талдықорғанда – 0,3%-ға төмендеді.

Астана, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Павлодар, Петропавл және Семей қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.

Республика бойынша пияздың орташа бағасы 1 килограмына 188 теңгені құрады. Бұл ретте ең төмен баға Түркістан қаласында – 135 теңге деңгейінде тіркелді.

Картоптың республика бойынша орташа бағасы 1 килограмына 248 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Павлодарда – 180 теңге, Түркістанда – 218 теңге деңгейінде қалыптасты.
Ел бойынша алманың орташа бағасы 1 килограмына 776 теңгені құрады. Ең төмен баға Шымкент қаласында – 639 теңге деңгейінде тіркелді.

Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button