Жаңалықтар

Шығысқазақстандық спортшы Лахордағы Президент кубогы турнирінде топ жарды

Шығысқазақстандық спортшы Батырхан Төлеуғали Пәкістанның Лахор қаласында өткен World Taekwondo Президенті кубогында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Лахор қаласында өткен таеквондодан G-3 санатына жататын дәстүрлі World Taekwondo Президенті кубогында Қазақстан командасының қоржынына екі алтын медаль түсті.

– Назым Махмұтова (-73 келі) жартылай финалда Оңтүстік Корея өкілі Ох Сенгюді (2:0), финалда Сауд Арабиясының спортшысы Сабер Дунья Бушуайбтан басым түсіп, алтыннан алқа тақты. Ал отандасымыз Батырхан Төлеуғали (-87 келі) финалда Өзбекстан спортшысы Ёдгорбек Джурабоевты ұтып, жеңімпаз атанды. Батырхан жарыс барысында Оңтүстік Корея, Таиланд пен Өзбекстан өкілінен басым түсті, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз екі алтын, үш қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Назым Махмұтова мен Батырхан Төлеуғали алтын медаль иеленді. Ал Нұрай Бауыржанова, Рита Бакишева, Азим Ниязов қола жүлдегер атанды. Жалпыкомандалық медальдық есепте Қазақстан құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button