Жаңалықтар

ШҚО-да кәріз құдығына түскен екі жұмысшы есінен танып қалған

Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған екі жұмысшы құтқарылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

20 тамыз күні сағат 14:30 шамасында Қасым Қайсенов кентінде «Молодежный» КМК-нің екі қызметкері №11 тұрғын үйдің маңында кәріз құбырларын тазалау жұмыстарын жүргізген.

Жұмыс барысында қызметкерлердің бірі кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған. Әріптесіне көмек көрсетуге әрекет жасаған екінші жұмысшы да құдыққа түсіп, есінен айырылған.

Оқиғаны сол маңнан өтіп бара жатқан Ұлан ауданының криминалисі, полиция капитаны Асет Нағашбаев байқаған. Ол кәріз құдығының маңынан көмек сұраған дауыстарды естіп, дереу учаскелік полиция инспекторына хабарлаған.

Оқиға орнына полиция майоры Нұрдәулет Тетепов жедел жетті. Ол уақыт жоғалтпай, арқанның көмегімен кәріз құдығына түсіп, жұмысшыларды кезекпен сыртқа шығарды.

Полиция қызметкерлерінің жедел әрі батыл әрекетінің нәтижесінде екі жұмысшы да құтқарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button