Халықаралық отбасы күніне орай «Жұмыс орындарында отбасыға қолайлы саясатты нығайту» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жиын барысында отбасын дамытып, өмір сапасын арттыруға бағытталған IT жобалардың маңыздылығы таныстырылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Шара барысында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жоғары курс студенттері өздерінің IT жобаларымен таныстырып, кәсіби дамудың маңыздылығы жөнінде баяндама жасады. Бұл бастама оқушылардың техника мен ғылымға қызығушылығын арттыруды көздейтіні айтылды.
– Сіздер – жай ғана конференция қатысушылары емес, Қазақстанның болашағысыздар. Болашақ инженерлер, технологтар мен зерттеушілер ретінде жаңа идеялармен өмірімізді жақсартуға үлес қосасыздар, – деді ғылыми зерттеу қызметі департаментінің директоры Гүлжаз Кеңесханқызы.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық серіктестер, ірі жұмыс берушілер, HR-директорлар, кәсіподақ ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері қатысты.
Конференцияның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту арқылы еңбек өмірінің сапасын арттырып, еңбек өнімділігі мен экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі диалог орнату.
Сондай-ақ, техникалық ғылымдар кандидаты Гаухар Болатбекқызы университет ұжымына алғысын білдіріп, олардың ғылыми зерттеулер мен оқушыларды қолдаудағы белсенділігін ерекше атап өтті.
Конференция марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Ғылым мен білімге, жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген ұстаздар алғыс хаттармен марапатталды.