Облыс орталығында «Шығыстың Мұқағалиі» атанған ақын Хамит Балшабековті еске алу кеші өтеді.
Хамит Балшабеков – өлке әдебиеті мен мәдениетінің майталман тұлғасы. «Жылқышы әні» атты алғашқы жыр жинағы 1969 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көреді. Одан кейінгі жылдары «Суырлының сұлу арқасында», «Өмір, мен саған ғашықпын», «Қантамыр», «Балтамыр», «Шұғыла көңіл» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Сонымен қатар ақынның жиырмадан астам өлеңіне ән жазылған. «Мұзтаудың мұзбалағы», «Ұрпақ дауысы», «Әнші қыз», «Қосқарагөз», «Қос бұрым», «Жалши әні» секілді туындыларды әнсүйер қауым сүйіп тыңдайды.
Хамит Балшабековті еске алу кеші 12 желтоқсан күні А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада өтеді. Бұл кеште ақынның 85 жылдығына орай байқау да ұйымдастырылатынын айта кеткен жөн.
«Байқаудың мақсаты – Хамит Балшабековтың шығармашылығын жастарға насихаттау, тіл мәдениетін көтеру, өңірдегі дарынды жастарға қолдау көрсету», - дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, байқауға 16-25 жас аралығындағы жастар қатысады. Үміткерлер Хамит Балшабеков өлеңдерін мәнерлеп оқуға тиіс.
Аталмыш іс-шарада бірден облыстық байқаудың қорытындысы шығарылып, жүлдегерлер марапатталады.