Өскеменде АЭС мамандарын даярлайды
Жаңа оқу жылында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Атом электр станциясын пайдалану» деп аталатын білім беру бағдарламасы іске қосылады. Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) сарапшыларының қатысуымен әзірленген бұл бағдарлама еліміздегі алғашқы атом электр станциясына қажетті жоғары білікті мамандарды даярлайды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
«Бағдарлама «АЭС құрылысы бағдарламасын қолдау үшін білім беру мен кадрларды даярлау саласындағы ұлттық әлеуетті нығайту жөніндегі сарапшылар миссиясы» және «KAZ2010: Атом энергетикасы бағдарламасын енгізу үшін инфрақұрылымды дамытуға қолдау (3-кезең)» жобалары аясында жасақталды», — делінген хабарламада.
МАГАТЭ сарапшыларының ұсыныстарына сәйкес дайындалған оқу жоспары ядролық энергетика саласының негізгі аспектілерін қамтиды. Оқытылатын пәндер қатарында атом станцияларының жабдықтары, ядролық реакторлар физикасы, радиациялық қауіпсіздік, ядролық отын циклі, жабдықты жаңғырту мен монтаждау сияқты маңызды бағыттар бар. Сонымен қатар, студенттер теориялық біліммен қатар Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта және Өскемендегі металлургиялық зауытта тәжірибеден өтеді.
Биыл сәуірде университет қабырғасында МАГАТЭ мен Ресейдегі Ұлттық зерттеу ядролық университеті МИФИ өкілдерінің қатысуымен халықаралық форум өтіп, онда атом саласындағы білім беру мен кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері талқыланды. Бағдарламаның академиялық комитетіне университеттің жетекші оқытушылары мен өндіріс өкілдері кірді, олардың қатарында «ҮМЗ» АҚ ғылыми орталығының бастығы Манарбек Қылышқанов бар. Сонымен қатар, 2025 жылдың маусымында бағдарлама оқытушылары Айжан Байділдина мен Надежда Прохоренкова Венгриядағы атом электр станциясында тағылымдамадан өтті. Ал қазан айында мектеп деканы Айбек Ақаев Венада өтетін МАГАТЭ-нің StarNet желісі отырысына қатыспақ.
Бағдарлама халықаралық ядролық қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді. Мамандар бұл өз кезегінде Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы кадрлық резервін қалыптастырып қана қоймай, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, технологиялық тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді деп отыр. Бағдарлама алғашқы іске қосылған жылы-ақ халықаралық стандарттарға сай алғашқы аккредиттеуден өтуге дайындалуда.



