ШҚО-да орманға баруға тыйым салынды
Шығыс Қазақстанда 28 шілде күні ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалы мәлімдеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Қазгидрометтің хабарлауынша оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батыс бағытқа ауысады. Облыс бойынша 35 градусқа дейін, ал оңтүстікте 38 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі. Өрт қаупі жоғары, ал облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Ал Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі орманға баруға тыйым саллы.
– Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында 5-ші төтенше орман өрті класының тұрақты орнауына байланысты, өрт қауіпсіздігі қағидаларының 17-тармағы, 9-тармақшасына сәйкес, жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында болуына шектеулер енгізіледі, – деп жазды Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ тұрғындарды орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда бірден «112» нөміріне хабарласу қажет.



