Жаңалықтар

ШҚО-да жаңа көпір салынуы мүмкін

Шығыс Қазақстан облысында Майқапшағай – Жеменей өткізу бекетінің маңында жаңа көпір салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. 

ШҚО мен Қытай шекарасындағы өткізу бекетінің өткізу қабілетін арттыру мәселесі талқыланды.

ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Маратбековтің айтуынша, соңғы уақытта өткізу бекетінде бірқатар маңызды өзгерістер болды. Жаңғырту жұмыстарын 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта тексеру уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа инспекциялық-тексеру кешендері орнатылып, тереңдетілген тексеру пункті жабдықталған. Сондай-ақ жолаушылар автобустарына арналған ақпараттық тақталары бар тұрақ орындары салынды. Жолақ саны ұлғайтылды. Бұдан бөлек, шекараға дейінгі Қалбатау – Майқапшағай автожолының бір бөлігі жөнделді. Ал қараша айында тауар сақтауға арналған қоймаларды пайдалануға беру жоспарланған.

– Жаңғырту жұмыстарына дейін өткізу бекетінің тәуліктік өткізу қабілеті 120 автокөлік пен екі мың жолаушыны құраса, жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл көрсеткішті 500 көлік және 500 жүк көлігіне, сондай-ақ 5 мың жолаушыға дейін жеткізу жоспарланып отыр, – деді Дәулет Маратбеков.

Сонымен қатар шекаралық өткізу бекетінің маңынан ағып өтетін өзен арқылы жаңа көпір салу мәселесі қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта осы учаскедегі автомобиль жолы екі жолақты ғана. Ал шекараға апаратын жол мен өткізу бекетінің аумағындағы жүріс бөлігінде алты жолақ бар. Қазіргі көпір көлік қозғалысының өткізу мүмкіндігін шектеп отырғандықтан, жаңа көпір салу қажеттілігі туындаған.

Алдын ала есеп бойынша, жобаны жүзеге асыруға 2,5 миллиард теңге көлемінде қаражат қажет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button