Шай қорабы арқылы телефон өткізбек болған
Жазасын өтеушілердің бірінің танысы Өскемен қаласындағы №17 түзеу мекемесіне ұялы телефон кіргізбек болған. Ер азамат шай қорабының ішіне смартфон мен SIM-карта жасырын салған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Ұлттық ұланның сәлем-сауқат бөлмесінің қырағы қызметкері мен бақылаушысы ер азаматтың жымысқы әрекетін дер көзінде аңғарған.
– Бір қарағанда сырты жабық шай қорабы. Алайда қолыма ұстап көргенде қораптың ауырлау екенін аңғардым, артынша тінту барысында шай ішінен тыйым салынған заттар табылды, – дейді №6699 әскери бөлімінің бақылаушылар қызметі.
Түрмеге тыйым салынған зат әкелген адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабының 1-бөлігі бойынша құжаттар жиналып, сотқа жолданды.
Еске салайық, аталмыш түзеу мекемесіне байланыс құралын өткізу әрекеті ағымдағы жылдың алғашқы фактісі болып тіркеліп отыр.



