Өскемендік жас каратэшілер халықаралық турнирден жүлдемен оралды

7–8 қараша аралығында Ташкент қаласында өткен киокушинкай каратэден World Kyokushin Festival халықаралық турнирінде өскемендік жас спортшылар жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Халықаралық додаға әлемнің 13 мемлекетінен 800-ге жуық спортшы қатысып, өзара бақ сынады.
Шығысқазақстандық жас спортшылар да халықаралық жарыста өңір намысын қорғап, түрлі елдерден келген қарсыластарымен күш сынасты. Бірнеше күнге созылған тартысты бәсекеде олардың шеберлігі сынға түсті.
Бүгін Өскемен әуежайынан халықаралық турнирден оралған жас спортшыларды туған-туыстары, достары мен жақындары салтанатты түрде қарсы алды.
– Біздің жас спортшылар өте жақсы өнер көрсетті. Жүлделі орындарға ие болып, мол тәжірибе жинақтап, елге оралдық. Турнир өте тартысты өтті. Жарысқа біздің командамыздан сегіз спортшы қатысты. Нәтижесінде командамыз жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Алдағы уақытта Ақтөбеде өтетін Азия чемпионатына қатысамыз. Қазірдің өзінде ересек спортшыларымыз жарысқа дайындықты бастап кетті, – деді киокушинкай каратэден Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы, ШҚО KWF киокушинкай кара-тэ-до федерациясының жетекшісі Илья Яковлев.
Турнир қорытындысы бойынша шығысқазақстандық спортшылар бірнеше жүлделі орынға ие болды. Жас каратэшілер халықаралық деңгейдегі жарыста өз шеберліктерін көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Жарысқа қатысушылардың бірі Злата Ресслер турнирдегі әсерімен бөлісіп, жекпе-жектердің қалай өткенін айтты.
– Мен жарыста екінші орын алдым. Барлығы жақсы өтті. Алғашқы жекпе-жегім оңай болды. Ал екінші қарсыласым мықты болып, жекпе-жек қиынға соқты. Нәтижесінде қарсыласым жеңіске жетіп, мен екінші орынға ие болдым, – деді Злата Ресслер.



