Шығысқазақстандық семсерлесушілер Мароккодағы әлем кубогында топ жарды
Семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы 2026-2027 жылғы маусымдағы Әлем кубогының алғашқы алтын медалін иеленді. Мароккода өткен халықаралық турнирдің финалында қазақстандық спортшылар Ресей құрамасынан 45:40 есебімен басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық құрама сапында Александр Федотов және Шығыс Қазақстан облысының спортшылары Кирилл Павлов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов өнер көрсетті.
Қазақстан құрамасы жарыс барысында жоғары дайындық деңгейін, шеберлік пен жеңіске деген жігерін танытты. Алғашқы айналымда Түркия құрамасын 45:20 есебімен ұтқан отандастарымыз 1/8 финалда Гонконг спортшыларын 45:28 есебімен жеңді. Ширек финалда Мысыр құрамасынан 45:40 есебімен басым түсіп, жартылай финалда Франция командасын дәл осындай есеппен жеңді. Ал финалда Ресей құрамасына қарсы тартысты бәсекеде 45:40 есебімен жеңіс жалауын желбіретті.
Осылайша, қазақстандық семсерлесушілер бес кездесудің барлығында жеңіске жетіп, Әлем кубогының алтын жүлдесін қанжығалады.



