Жаңалықтар

ШҚО-да тауар бағасына қатысты 40 заңбұзушылық анықталды

Жыл басынан бері ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ішкі сауда саласындағы бизнес субъектілеріне қатысты 116 жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Тексеру барысында ҚР ӘҚБтК-нің 193-бабы бойынша 40 құқық бұзушылық фактісі (баға белгілеріндегі бағаны дұрыс көрсетпеу, тауарды мәлімделгеннен қымбат бағаға сату, бағаның теңгемен көрсетілмеуі) анықталды.

ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, осындай жағдайлардың бірі Өскемен қаласында тіркелді. Қала тұрғыны «Koton» дүкеніне барып сауда жасағаннан кейін Департаментке жүгінген.

Анықталғандай, дүкен сөресіндегі кофтаның баға белгісінде оның құны 2990 теңге деп көрсетілген, алайда кассада одан 3990 теңге алынған. 1000 теңге артық төлегенін байқаған әйел дүкен әкімшілігіне жазбаша шағым қалдырған. Алайда оның өтініші ескерусіз қалған.

– Тұтынушының шағымы негізінде ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Құқық бұзушылық фактісі толығымен расталды. ҚР ӘҚБтК-нің 193-бабының 4-бөлігі бойынша айыппұл қолданылуымен қатар, ЖШС мекенжайына ресми нұсқама шығарылды, – делінген хабарламада.

Дүкенге анықталған барлық заңбұзушылықтарды жою және сатып алушыға артық төленген 1000 теңгені қайтару міндеттелді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button