«SHYGYS BOOK FEST – 2026»: Өскеменде кітап фестивалі өтеді

19 қыркүйек күні Өскемендегі С. Нұрмағанбетов атындағы саябақта «SHYGYS BOOK FEST – 2026» кітап фестивалі өтеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Фестивальдің мақсаты – кітап оқу мәдениетін насихаттау, оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайту және кітапты қоғамның рухани өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру.
Мерекелік бағдарламада кітап көрмелері мен жастарға арналған интерактивті алаңдар, библиоквест, фотозона және түрлі мәдени-танымдық бағдарламалар ұйымдастырылады.
Қала тұрғындары «Бір ел – бір кітап», «Кітап. Дәстүр. Бір кеңістік», «Мир комиксов», «Книга Робот», «Страницы на связи», «Ашылу дәуірі. Эпоха открытий» секілді тақырыптық алаңдар арқылы кітап әлеміне жаңа қырынан үңіле алады.
Фестиваль барысында өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылып, кітап пен руханият тақырыбында мазмұнды ой-пікірлер ортаға салынады.
«SHYGYS BOOK FEST – 2026» – оқырманды, қаламгерді, кітапхананы және кітап индустриясын бір ортаға тоғыстыратын тағылымды мәдени алаң болмақ. Фестиваль арқылы кітап оқу – уақыт өткізу ғана емес, зерделі ұрпақ пен парасатты қоғам қалыптастыратын маңызды құндылық екені кеңінен насихатталады.
Фестиваль сағат 16:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады.



