Өскемендегі екі деңгейлі жолайрық құрылысы қалай жүріп жатыр?
Өскеменнің сол жағалауындағы екі деңгейлі жолайрықтың құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
«VK development group» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта жол өткелінің барлық тіректері орнатылып, арқалықтардың басым бөлігі монтаждалған. Аталған учаскеде жол өткелінің жоғарғы бөлігін бетондау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Сәтбаев даңғылы бойындағы жол өткеліне кіреберіс жолдар абаттандырылып жатыр. Жібек маталар комбинаты шағын ауданы жағынан жол үйіндісі шамамен екі метрге, ал «Халифа Алтай» мешіті жағынан бір метрге көтерілген. Есенберлин даңғылы жағындағы жол өткеліне кіреберіс жолдың шамамен 80 пайызы дайын.
– Жолайрықтың негізгі тірек конструкцияларының құрылысы іс жүзінде аяқталды. Қазір жұмыстардың негізгі бөлігі аралық құрылыстарды аяқтауға және жол өткеліне кіреберіс жолдарды қалыптастыруға бағытталған, – деп атап өтті «VK development group» ЖШС баспасөз қызметі.



