Металлург әрі құсбегі: Өскемендік тұрғын саятшылық өнерін дәріптеп жүр

Өскемендегі «Казцинк» мырыш зауытында аппаратшы-гидрометаллург болып жұмыс істейтін Айдос Жандыкеев бос уақытында бүркіт баптап, саятшылық өнерді дәріптеп жүр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Айдос Жандыкеевтің бұл өнерге қызығушылығы алтыншы сыныпта, туған жері Қайыңды ауылында басталған. Сол кезде ол далада алғаш рет жабайы бүркітті көріп, тәнті болған. Ол әуелі қаршыға баптаудан бастайды. Кейін тәжірибесі артып, балалық арманы өмірінің бір бөлігіне айналады.
Қазір Айдостың екі жыртқыш құсы бар: бір жасар Нұр атты бүркіті және үш жасар Алтай атты қаршығасы. Қос құс та өз иесінің дауысы мен пәрменіне ғана үйренген. Сондықтан бөтен адамның шақыруына келмейді.

Жыртқыш құсты баптау – күн сайын уақыт пен еңбекті талап ететін жауапты іс. Айдос құстарына үнемі жаңа ет беріп, күнара қолдан тамақтандырады және тұрақты түрде жаттықтырады. Тіпті зауыттағы түнгі ауысымнан кейін де уақыт тауып, құстарын баптау үшін туған ауылына 200 шақырым жол жүреді.
Айдос Шығыс Қазақстан облысында өткен турнирде күміс жүлдеге ие болып, ел чемпионаттарында қола жүлдеге қол жеткізген. Ендігі мақсаты – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу.
– Ең бастысы – олжаны жай ғана аулау емес. Құстың бабын сақтап, жарыста жақсы нәтиже көрсету маңызды. Біз үшін саятшылық – атадан қалған дәстүрді сақтаудың бір жолы, – дейді Айдос.
Зауытта оның бұл өнермен айналысатынын әріптестері басындан білмеген. Қазір әріптестері мен басшылық жарыстарда Айдосқа қолдау көрсетеді. Ал құсбегі достары оған қажетті құрал-жабдықтарды, соның ішінде дәстүрлі аяқбауды да жиі сыйға тартады.




