ШҚО-да полиция қызметкерлері өртенген үйден баланы аман алып шықты
14 қыркүйек күні сағат 13:00 шамасында Алтай қаласының оңтүстік бөлігін патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері жеке сектор аумағынан қалың түтінді байқаған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Тәртіп сақшылары дереу түтін шыққан аумаққа бет алған. Алтай көшесіндегі № 3 үйге келген бойда олар жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқанын көрген.
– Терезеден жылап жатқан баланы көрген полиция майоры Азамат Қанапин өрт сөндірушілерді күтпей дереу көмекке ұмтылған. Оған әріптестері – взвод командирі, полиция капитаны Ринат Құниязов пен патрульдік полиция взводы қызметінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Абзал Смағұлов бірден көмекке келіп, бірігіп терезені сындырған. Кейін Азамат Қанапин баланы тез арада сыртқа шығарып, қауіпсіз жерге алып кеткен. Сондай-ақ оқиға орнында жүрген көрші де дереу шұғыл қызметтерге хабарласып, өз кезегінде көмек көрсетті, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.
Көп ұзамай оқиға орнына өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем бригадасы келіп жетті. Бала дәрігерлерге тапсырылып, ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына еш қауіп жоқ.



