БастыЖаңалықтар

Жалған іссапар мен негізсіз сыйақы: ШҚО-да 5 лауазымды тұлға мен 2 басшы жауапқа тартылды

ШҚО-да ветеринария саласында жалған іссапарлар рәсімделіп, негізсіз сыйақылар берілген

Шығыс Қазақстан облысында «Ұлан-Вет» ШЖҚ КМК қызметін тексеру кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Тексеру барысында еңбек және бюджет заңнамасының, бухгалтерлік есеп қағидалары мен еңбекті қорғау талаптарының сақталмағаны белгілі болған.

Атап айтқанда, қызметкерлерге еңбекақыны заңсыз есептеу, негізсіз сыйақы беру, белгісіз төлемдер жасау және жалған іссапар шығындарын рәсімдеу фактілері анықталды. Сондай-ақ жануарларды ұстау, стерилизациялау, вакцинациялау және иелеріне қайтару бағдарламасын іске асыру кезінде де заңбұзушылықтарға жол берілген.

Бұдан бөлек, қызметкерлердің жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмегені және қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті оқудан өтпеген адамдардың жұмысқа жіберілгені анықталды. Прокуратура мұндай жағдайлар жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін атап өтті.

Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 11,3 млн теңгені құраған.

— Прокурорлық қадағалау актісі негізінде 5 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, ал 2 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта мемлекет кірісіне 5,5 млн теңге өндірілді. Қалған соманы өндіріп алу және анықталған заңбұзушылықтарды толық жою бойынша жұмыстар жалғасып жатыр, — деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button