Шығысқазақстандықтар дәрі-дәрмектің бағасын қалай тексере алады?

Кез келген препараттың өндірушісі, дистрибьюторы, сатылатын дәріхана және белгіленген шекті бөлшек сауда бағасы туралы мәліметті «Naqty Onim» мобильді қосымшасынан тексеруге болады.
ШҚО-да дәрілік заттардың белгіленген шекті бағадан қымбат сатылмауын Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаменті бақылайды.
Комитеттің ресми дерегіне сүйенсек, шілде айында республика бойынша 2 555 дәрілік заттың бағасына мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 589 препараттың бөлшек сауда бағасы төмендеген: 47 препараттың бағасы 20%-дан астам, 198 дәрілік заттың бағасы 10–20%, тағы 244 препараттың бағасы 5–10% аралығында төмендеген.
Дәрі-дәрмек бағасын бақылау нақты уақыт режимінде жүргізіледі. Таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы препараттардың қозғалысы мен дәріханалардағы нақты сатылым бағасы қадағаланып, белгіленген шекті бағамен салыстырылады, — дейді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы Мақпал Рахимжанова
Тұрғындар да дәрі-дәрмектің бағасын өздері тексере алады. «Naqty Onim» мобильді қосымшасы арқылы препараттың өндірушісі, дистрибьюторы, сатылатын дәріхана және белгіленген шекті бөлшек сауда бағасы туралы мәлімет алуға болады.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес 2 055 дәрілік заттың атауына мемлекеттік баға реттеуі қолданылады. Бақылауда әлеуметтік маңызы бар және тұрғындар арасында сұранысы жоғары дәрілік препараттарға басымдық берілген.
Бұдан бөлек, азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері негізінде дәрі-дәрмектің белгіленген шекті бағадан жоғары сатылу фактілері бойынша департамент жоспардан тыс тексеру жүргізе алады. Заңбұзушылық расталған жағдайда әкімшілік шара қолданылады.



