ШҚО-да 69 жастағы тұрғын алғаш рет жеке куәлік алды
Шығыс Қазақстан облысында 69 жастағы Татьяна Владимировна Ригер өмірінде алғаш рет Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Татьяна Ригер ұзақ уақыт бойы қазіргі үлгідегі жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген. Бұған дейін ол 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортын пайдаланған, алайда кейіннен оны жоғалтып алған. Өмірлік жағдайларға байланысты оның ұзақ уақыт бойы құжаттарын қайта рәсімдеуге мүмкіндігі болмаған.
– Жуырда ол Риддер қаласының көші-қон қызметіне жүгінді. Қызметкерлер оған қажетті құжаттарды жинауға көмектесіп, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, құзырлы мемлекеттік органдарға сұрау салулар жолдады. Барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін, тамыз айының соңында Татьяна Владимировна Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алғаш рет алды. Енді ол өз құқықтарын толыққанды пайдаланып, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді еш кедергісіз ала алады, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.
Татьяна Ригер көші-қон қызметінің мамандарына көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.



