«Ескісі де, жаңасы да жоқ»: Каменный карьер ауылындағы аялдамаларды алып тастаған

Елді мекен тұрғындары, оқушылар үш аптадан бері автобус күтіп жаңбыр астында тұруға мәжбүр.
Кеңес үкіметінен келе жатқан бетон аялдамаларды алып тастағанымен жаңасы қашан қойылатыны белгісіз.
Каменный карьердегі бетон аялдамалардың тұрғанына 60 жылдай, бәлкім одан да көп уақыт болған. Өзгесін айтпағанда, бұл құрылыстар өз міндетін мүлтіксіз атқарып, тұрғындарды жаңбырдан, қардан және қатты желден сенімді қорғап тұратын. Дегенмен таяуда бұл аялдамалар біреуге кедергі болды ма, апатты деп танылып, өте жылдам қиратылды. Негізі мықты салынған құрылысты тіпті арнайы жол техникасы да толық құлата алмаған: арматура қалдықтары мен бетон сынықтары аялдаманың орнында әлі тұр. Бұл ауылдың көркін қашырып қана қоймай, қараңғыда өтіп бара жатқандар үшін қауіпті.
Каменный карьерде 24 қыркүйекте екі аялдаманы сүріп тастады, – деп шағымданды ауыл тұрғындары әлеуметтік желіде. – Ескінің орнына жаңасын қоймағаны былай тұрсын, бетон сынықтарын да жинап әкетпеді. Бірнеше күннен бері жаңбыр жауып тұр, адамдар автобус күткенде малмандай су болады. Үлкендерді қойшы, мектепке қатынайтын балалар да ығысатын таса таппай, далада тұрады. 8 қазанда жиын өтіп, онда жаңа аялдамалар тек 2027 жылы орнатылатыны айтылды. Бізде үнемі жел соғып тұрады, ал қыста мүлде екпіні күшті. Енді не істеуіміз керек? Бұған дейін тұрған аялдамалар дәл қазір кімге кедергі болды екен?
Бұл жазбаны көпшілік қолдап, аялдамаларды неге дәл күзде алып тастағандарына таңданыстарын білдірді.
Өскемен – Северное автожолы облыстық маңызы бар жол болып табылады, – деп хабарлады Глубокое ауданы Ушанов ауылдық округі әкімінің аппараты. – Қызмет көрсетуші ұйым – «Облшығысжол» ЖШС. Бұған дейін тұрған бетон аялдама павильондары апатты деп танылып, жойылды. Қазіргі уақытта қызмет көрсетуші ұйым жаңа аялдама павильондарын жасап жатыр, олар таяу арада орнатылатын болады.
Дегенмен шенеуніктердің «таяу арада» дегенін болжап білу қиын. Айтпақшы, тұрғындардың «жаңасы дайын болмаса, ескісін неге қазір алып тастады?» деген орынды сауалына сол күйі ешкім жауап бере алмады…



