BI GROUP иесі Айдын Рахымбаев ШҚО-да балалық шағы өткен үйді қайта сатып алды

Кәсіпкер, миллиардер Айдын Рахымбаев Шығыс Қазақстан облысының Құлынжон ауылында әкесі салған үйді қайта сатып алды. Енді ол үйді жөндеп, мұғалімдерге сыйламақ.
Оның айтуынша, шамамен 30 жыл бұрын отбасы қалаға көшкен кезде бұл үй екі фляга майға сатылған. Арада жылдар өткен соң Рахымбаев әкесінің шаңырағын қайта сатып алып, оны жөндеуді жоспарлап отыр.
Кәсіпкер үйді өз отбасы үшін емес, ауыл мектебінің мұғалімдеріне баспана ретінде пайдаланбақ. Оның сөзінше, жақында өзі 1989 жылы бітірген мектептің жаңа корпусы ашылған. Енді білім ордасына жаңа ұстаздар келеді деп күтілуде.
«Қара шаңырағымыз отбасымызға қызмет етті, енді ұстаздарға, мектепке, ауылға пайдасы тисін», – деп жазды Айдын Рахымбаев Facebook парақшасында.
Айта кетейік, Айдын Рахымбаев – Шығыс Қазақстан облысының тумасы, қазақстандық кәсіпкер. Forbes журналының әлемдік миллиардерлер тізімінде оның байлығы 1,1 млрд доллар деп көрсетіліп, ол 3185-орынға орналасқан.




