Өскемен әкімі жер үсті өткелін жаңартуды тапсырды

Өскемен әкімі Спорт сарайы маңындағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткеліне барып, нысанның әбден тозғанына көз жеткізді.
Алмат Ақышов қабырғалары мен жақтаулары, терезесі шаң-тозаң, лас, бүлінген әрі жеделсатысы да істемейтін жер үсті өткелін дереу жаңартуды тапсырды.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, өткелдің шатыры жөнделіп, тоқтаусыз істен шыға беретін жеделсатыларға электр тоғы тартылған. Ендігі кезекте толық тазалық жүргізіп, шағылған терезелерді ауыстыру қажет.
Тұрғындардың сыны орынды, бұл жердің сұрқы қашып кеткен, — деді қала басшысы. — Келесі жылы ағымдағы жөндеу жүргізу үшін сметасын жасаңыздар. Бәрін ретке келтіру керек, әсіресе тартан жабындысын жаңарту қажет. Жеделсатыны да іске қосыңыздар.
Бұған қоса, «Липовая аллея» (жөке аллеясы) де жаңартылмақ. Мердігер қоғамдық орынның кіреберісіндегі қирай бастаған арканы жөндеуге кірісіп кетті. Сондай-ақ бүгінде санаулысы ғана қалған көше шамдары ауыстырылады. Өскемен қаласы әкімінің пікірінше, Назарбаев даңғылымен келе жатқан жүргізушілердің көзіне шағылыспас үшін аллеяға қарай иілген дара шамдарды орнатқан жөн.
Бұдан бөлек, Алмат Ақышовтың айтуынша, «8/1 көтерме сауда орталығы» маңында саябақ пайда болады. Онда қалқалар, шағын сәулет формалары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылмақ. Ал айналадағы тұрғын үйлерге сәнді түнгі жарықшамдар қойылады.



