Жасанды интеллектінің адам өміріне пайдасы мен зияны
XXI ғасырдың ең ірі жаңалықтарының бірі – жасанды интеллект (ЖИ) технологиясының дамуы. Жасанды интеллект – адамның ойлау қабілетіне ұқсас логикалық шешім қабылдай алатын, үйреніп, дамитын компьютерлік жүйе. Бүгінде ол түрлі салада кеңінен қолданылып келеді: білім беру, медицина, өндіріс, қаржы, өнер және күнделікті өмір. Алайда ЖИ-дің пайдасымен қатар, қауіп-қатерлері де жоқ емес.
Осы орайда алдымен жасанды интеллекттің пайдасына тоқталып өтсек:
Медицинада: ЖИ науқастардың деректерін жылдам талдап, ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. Мысалы, рентген суреттерін тану, ота жасауға арналған роботтар – медицинада тиімділікті арттыруда.
Білім беруде: Ақылды жүйелер оқушылардың жеке ерекшелігіне қарай оқыту тәсілдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұғалімдерге көмектесетін виртуалды көмекшілер де пайда болуда.
Өндірісте және қызмет көрсету саласында: Роботтандырылған жүйелер ауыр жұмыстарды атқарып, еңбек өнімділігін арттыруда. Бұл адамды қауіпті немесе монотонды жұмыстардан босатуға септігін тигізеді.
Күнделікті өмірде: Смарт үй жүйелері, дауыстық көмекшілер (мысалы, Siri, Alexa), автопилотпен басқарылатын көліктер – барлығы адамның өмірін жеңілдетуге бағытталған.
Жасанды интеллекттің зияны мен қауіптеріне келер болсақ: біріншіден жұмыссыздық қаупі: көптеген қарапайым жұмыстарды ЖИ жүйелері атқарған сайын адамдар өз жұмысынан айырылуы мүмкін. Бұл әсіресе көлік жүргізушілері, кассирлер, операторлар секілді мамандықтарға әсер етеді.
Дербестіктің жоғалуы: адамдар күн сайын технологияға тәуелді бола түсуде. Бұл адамның жеке шешім қабылдау қабілетін төмендетуі мүмкін.
Этикалық және құқықтық мәселелер: ЖИ қателік жіберсе, оған кім жауапты болады? Қайсы шешімдер автоматтандырылуы тиіс, ал қайсысы адамда қалуы керек – бұл сұрақтар әлі толық шешімін тапқан жоқ.
Жеке деректердің қауіпсіздігі: ЖИ арқылы жиналған мәліметтер – адам құпиясын бұзуға, бақылауға немесе манипуляция жасауға қолданылуы мүмкін. Бұл – үлкен қауіп.
Жасанды интеллект – адамзаттың болашағына жол ашатын күшті құрал. Бірақ оны тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану өте маңызды. Ғылым мен технологияның дамуы адам өмірін жақсартуы үшін, оның этикалық, әлеуметтік, заңдық негіздерін қатар жетілдіру қажет. ЖИ – жау емес, ол – құрал. Ал оны қалай қолдану – біздің қолымызда.
Диляра Тұрсынғазы



