Кирилл Проходов семсерлесуден Азия чемпионы атанды

Шығысқазақстандық спортшы Кирилл Проходов Бахрейн Корольдігінің Манама қаласында өтіп жатқан семсерлесуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Семсерлесудің шпагамен сайысу түрінен өткен жекелей жарыста Шығысқазақстандық спортшы жоғары спорттық шеберлігін көрсетіп, турнирдің барлық кезеңінен сәтті өтті.
1/16 финалда Кирилл Проходов Макао өкілі Сунг Ка Вингті 15:8 есебімен жеңді. 1/8 финалда Қырғызстан спортшысы Даниил Лепиховтан 15:14 есебімен басым түсті. Ширек финалда қазақстандық Георгий Тинниковты 15:9 есебімен ұтса, жартылай финалда Қырғызстан өкілі Барсбек Райымбековті 15:10 есебімен жеңіп, финалға шықты.
Финалдық кездесуде Кирилл Проходов Гонконг спортшысы Вонг Пак Юдпен кездесті. Тартысты жекпе-жекте шығысқазақстандық спортшы 15:12 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Кирилл Проходов семсерлесуден шпагамен сайысу бойынша жеке сайыста 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионы атанды.
Спортшыны жарысқа Ксения Вендерских пен Александр Пеньков дайындады.
Бүгін Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында тағы екі алтын медаль иеленді.
– Шпагада сынға түскен ерлер құрамасы мен саблядан өнер көрсеткен әйелдер құрамасы жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді. Шпагада Қазақстан намысын Михаил Кузьмин, Кирилл Проходов, Георгий Тинников және Жанарбек Жанұзақов қорғады. Ақтық сында отандастарымыз Гонконг құрамасынан басым түсті. Ал саблядан өткен әйелдер арасындағы командалық бәсекеде Диляра Исабекова, Полина Ко, Адема Серікбай және Қайша Жәнібек жеңімпаз атанды. Шешуші кездесуде қазақстандық спортшылар Гонконг құрамасын ұтты, – делінген ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің хабарламасында.



