Жаңалықтар

Өскеменде футбол турнирі өтті

Бүгін облыс орталығында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған әуесқой командалар арасындағы IV ашық республикалық футбол турнирінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Бердібек Сапарбаевтың жұбайы Қалдығайша Зейноллақызы, мемлекет және қоғам қайраткері Василий Ахаев қатысты.

– Бүгін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты еске алуға арналған турнир өз мәресіне жетіп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кәсібилік пен адалдықты басты қағидат етуіміз керектігін әрдайым атап өтеді. Бұл қасиеттер Бердібек Машбекұлының бойынан табылған еді. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған жарысқа қатысқан барша спортшыға алғыс айтамын! Мұндай додалар салауатты өмір салтын насихаттап, жастар мен балалардың спортқа бет бұруына жол ашады. Бүгінде облысымызда 1600-ден астам спорт нысаны бар. Өңір тұрғындарының 45 пайызы осы нысандарда спортпен шұғылданып, денсаулығын нығайтып келеді, – деді аймақ басшысы.

Бердібек Сапарбаевтың жұбайы Қалдығайша Зейноллақызы оның футболға деген ерекше ықыласын атап өтіп, Бердібек Машбекұлының спортқа құштар болғанын еске алды.

– Өздеріңіз де жақсы білесіздер, Бердібек Машбекұлы футбол ойнағанды өте жақсы көретін. Бүгін оның өзі осында болғанда ғой! Менің орныма өзі сөйлеп, допты қалай дұрыс тебу керектігін көрсетер еді. Қазір ойыншыларды көріп, олардың табандылығына сүйсініп отырмын. Тіпті жерге құлап жатса да, доп үшін күресіп, қарсыласына қақпаға жақындауға мүмкіндік бермейді. Жарайсыздар! – деді Қалдығайша Зейноллақызы.

Үш күнге созылған турнирге Өскемен, Семей, Павлодар, Алматы, Тараз, Қызылорда, Түркістан және Астана қалаларынан, сондай-ақ Жетісу облысы мен Глубокое және Ұлан аудандарынан 16 команда қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша Жетісу облысынан келген «Барыс» командасы бірінші орынды иеленіп, 1 млн теңге көлемінде сыйақы алды. Екінші орын алған «AQSUAT-ASSYLTAS» командасына 500 мың теңге, ал үшінші орын иеленген «Түркістан» командасына 300 мың теңге табысталды.

– Турнирге Жетісу облысынан қатысып, жеңімпаз атандық. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті, тартысты ойындар болды. Еңбек бағаланды, – деді «Барыс» командасының капитаны Мадияр Тұрғанбай.

Сонымен қатар турнир аясында «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қақпашы», «Ең жасы үлкен ойыншы», «Ең жас ойыншы», «Турнирдің үздік ойыншысы» және «Турнирдің үздік жаттықтырушысы» номинациялары бойынша үздіктер марапатталды.

– Біз «AQSUAT-ASSYLTAS» командасы екінші орынға ие болдық. Жарысқа қатысушыларға алғыс білдіреміз. «Үздік қорғаушы» номинациясын иелендік. Осындай жарыстар ұйымдастырыла берсін, – деді «AQSUAT-ASSYLTAS» командасының ойыншысы Мейіржан Саятұлы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button