Жаңалықтар

«Қауіпсіз үй»: Өскеменде пробация есебіндегі азаматтар тексерілді

Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД Сол жағалау аудандық пробация қызметі «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

5 қазан мен 5 қараша аралығында өтетін шара барысында пробация қызметінің есебінде тұрған 138 азаматтың тұрғылықты мекенжайы тексерілді.

Қызметкерлер азаматтарға заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар олардың әлеуметтік мәселелеріне назар аударылып, қажет болған жағдайда жұмысқа орналасу, құжаттарын реттеу және басқа да көмек алу жолдары түсіндірілді.

Сол жағалау аудандық пробация қызметі басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Мұхтарбекқызының айтуынша, мұндай профилактикалық жұмыстар азаматтардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.

«Пробация қызметінің басты міндеттерінің бірі – есепте тұрған азаматтардың қайта құқық бұзушылық жасауына жол бермеу және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Үй-жайларды аралау барысында азаматтардың тұрмыс жағдайымен танысып, мәселелерін анықтауға және қажет болған жағдайда тиісті көмек көрсетуге мүмкіндік бар», – деді ол.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және пробация есебіндегі азаматтардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету.

Басқа жаңалықтар

Back to top button