ШҚО-дағы кәсіпорынға 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды
Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындардың біріне экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы хабарлады.
Глубокое ауданындағы «Юбилейно-Снегирихинское» кен орнында жер қойнауын пайдалану салдарларын жою бойынша «Востокцветмет» ЖШС-нің ұзақ уақыт бойы әрекетсіздігі анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша ШҚО бойынша Экология департаменті кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде кәсіпорын ЖШС ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігі бойынша (Қоршаған ортаға шығарындылардың технологиялық нормативтерін асыру) әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 100 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
– Кәсіпорынға жер қойнауын пайдалану салдарларын жою және табиғат қорғау шараларының орындалуын жүйелі бақылауды қамтамасыз ету туралы ұйғарым берілді, – делінген хабарламада.



