Өскеменде екі жігіттен психотроптық заттардың ірі партиясы тәркіленді
Шығыс Қазақстан облысында психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен екі жас жігітті ұстады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Күдіктілердің бірі шілде айында интернет арқылы жұмыс тапқан. Оның қызметі тыйым салынған заттарды алып, оларды өлшеп, буып-түюмен байланысты болған. «Жұмысы» үшін оған криптовалюта түрінде ақы төленіп, кейін оны банк шоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
– Тінту барысында полицейлер төрт пластик ыдыс пен ұнтақ тәрізді зат салынған зип-пакетті, изолента және үш электронды таразыны тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес шамамен 800 грамм а-РѴР және 334 грамм мефедрон анықталған. Психотроптық заттардың жалпы салмағы 1 келіден асты, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.



