Өскеменде туристік фестиваль өтті

Өскемендегі Сол жағалау кешенінде Дүниежүзілік туризм күніне арналған «TourEast ALTAI KZ» фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Іс-шара аясында өңірдің туристік әлеуетін таныстыратын бірнеше тақырыптық алаң жұмыс істеді.
Туристік көрмеде туроператорлар, демалыс базалары, қонақүйлер мен пантолечебницалар өздерінің туристік бағыттары мен бағдарламаларын таныстырды.
Шеберлер қаласында қолөнершілер жәрмеңкесі мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, жергілікті тауар өндірушілер өз өнімдерін ұсынды.
Жәрмеңкеде қымыз, құрт, бал, айран және сүт өнімдері ұсынылды. Сондай-ақ Күршім ауданында өндірілетін MOINAQ ет өнімдері де таныстырылды.
Күршім ауданының тұрғыны Раушан Рахимова-Чупенов шұжық өндірісімен 2024 жылдың тамыз айынан бастап айналысады. Кәсіпкер мемлекеттік қолдау аясында 400 АЕК көлемінде грант ұтып алып, қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алған.
– Кәсіппен айналысқаныма биыл екі жыл болды. Өнімдеріміз тек табиғи еттен дайындалады. Шұжықтан бөлек, құйрық май, қазы және жая да дайындаймыз. Өнімдерге желатин, крахмал, соя секілді қоспалар қоспаймыз, – дейді Раушан Рахимова-Чупенов.
Сонымен қатар белсенді демалыс аймағында туристік жабдықтар көрмесі өтіп, туризм саласының мамандары шеберлік сабақтарын өткізді.
Ал Жас турист алаңында қала тұрғындары туристік квестке қатысып, «Антарес» клубының кедергілер жолағынан өтіп, «Өскемен нордик» клубының скандинавиялық жүріс бойынша шеберлік сабағына қатысты.



