БастыЖаңалықтар

Тарбағатайлық әлеуметтік қызметкер «Құрмет» орденімен марапатталды

Тарбағатай ауданының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының әлеуметтік жұмыскері  Бейбітгүл Шонкенова Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 22 қыркүйектегі Жарлығына сәйкес «Құрмет» орденімен марапатталды.

Жоғары мемлекеттік награданы Бейбітгүл Жақыпбекқызына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов табыстады.

Бұл – әлеуметтік қамсыздандыру саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, өз ісіне жауапкершілікпен қарап келе жатқан маманның еңбегіне берілген жоғары баға.

Бейбітгүл Жақыпбекқызы еңбек жолын 1990 жылы бастап, содан бері 36 жыл бойы әлеуметтік қамсыздандыру саласында үздіксіз қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетіп, олардың күнделікті өміріне қолдау көрсету, тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал ету бағытында қажырлы еңбек атқарып келеді.

Қазіргі таңда Бейбітгүл Жақыпбекқызы «Тарбағатай ауданының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің «Мүгедектігі бар балалар мен 18 жастан асқан психо-неврологиялық ауытқуы бар адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету» бөлімшесінде әлеуметтік жұмыскер болып қызмет атқарады.

Әлеуметтік қызметкердің жұмысы – кәсіби білім мен жауапкершілікті ғана емес, үлкен жүрек пен ерекше адамгершілікті талап ететін маңызды сала. Себебі бұл мамандар көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылып, олардың қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік жасауға, отбасыларына қолдау көрсетуге және қоғаммен байланысын нығайтуға өз үлесін қосады.

Бейбітгүл Жақыпбекқызының 36 жылдық еңбек жолы – өз мамандығына деген адалдықтың, тұрақтылықтың және ел игілігі жолындағы табанды еңбектің жарқын үлгісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button