Жүздеген құтқарушы, авиация және сүңгуірлер: Каспийде іздестіру операциясы жалғасып жатыр

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған Үкіметтік комиссияның тапсырмасы бойынша Каспий теңізінің акваториясында тәулік бойы үздіксіз іздестіру-құтқару операциясы жүргізілуде. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына оқиға орнында тікелей басшылықты Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жүзеге асыруда. Құрылған жедел штабтың құрамына Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірді.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ауқымды іздестіру-құтқару операциясына 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Ведомстволардың күштері мен құралдарымен су айдыны, жағалау аймағы және оған іргелес аумақтар әуеден үздіксіз бақыланып, тексерілуде.
– Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында тергеу іс-шараларын жүргізуде. Қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі, – делінген министрліктің хабарламасында.



