Өскеменде облыстық симпозиум өтті

Бүгін Өскеменде «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығының ашылғанына 10 жыл толуына орай «Аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды қолдаудағы дәлелді практика және ведомствоаралық өзара іс-қимыл» атты облыстық симпозиум өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Облыстық симпозиум С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Бұлбұл Қозыбаеваның қатысуымен өткен пленарлық бөлімнен басталды.
Кейін іс-шара «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығында жалғасты.
– Бүгін, яғни 21 қыркүйек «Асыл Мирас» аутизм орталығының он жылдығын атап өтіп жатырмыз. Соған байланысты бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетімен бірлескен облыстық симпозиум өткізіп жатырмыз. Осыдан он жыл бұрын, яғни тура осы күні 21 қыркүйек күні, 2016 жылы Болат Өтемұратов қорының қолдауымен осы орталық ашылды. 2022 жылдан ол мемлекеттік мекеме ретінде тіркеліп, білім басқармасына берілді, – деді облыстық әдістемелік орталық басшысының орынбасары Ардақ Кубентаева.
«Асыл Мирас» аутизм орталығының мұғалім-дефектологы Вероника Тарасова орталықтың тарихы және жетістіктері бойынша баяндама жасады.
Сондай-ақ осы орталық мамандарының көмегіне жүгінген балалардың ата-аналары балаларының алғаш рет орталыққа келген кездері туралы естеліктерімен бөлісіп, мамандарға атқарған еңбектері үшін алғыстарын білдірді.
– Осы орталықта жұмыс істеп жүргеніме екі жыл болды. Біздің орталықта бес бағдарлама бар. Ерте қолдау, оқыту дағдыларын дамыту, әлеуметтік дағдыларды дамыту, өмірлік дағдыларды дамыту және қарқынды білім беру бағдарламасы бар. Осы бағдарламаларға қыркүйек айынан бастап қараша айына дейін үш айлық курсымыз басталды. Балалардың барлығы іріктеліп алынып, жас және жеке ерекшелеріне сай бағдарламалар жасалып, сабақтар жүргізіліп отырады, – дейді «Асыл Мирас» аутизм орталығының мұғалім-дефектологы Аружан Камалбекова.



